Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын қолдау мақсатында Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Абай әлемі» ғылыми-танымдық жобасы басталды. Ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара тұлғаның туындыларын тану, жаңғырту және насихаттауға арналған жоба екі ай бойы облыстағы зияткерлік мектепте жалғасын таппақ.
– Бұл жоба арқылы біздер әлемдік мәдениетте Абайды Қазақстанның бренді ретінде әлемге кеңінен таныстыруға жұмыстанғымыз келеді. Жастарға Абайдың пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы поэтикалық шығармалары мен қара сөздерінің тәрбиелік маңызын ұғындыру үшін түрлі шаралар жоспарланған», - дейді ұйымдастырушылар алқасы.
«Абай әлемі» ғылыми-танымдық жобасы аясында «Абай тағылымдары» атты кіріктірілген ашық сабақтар фестивалі, «Жас абайтанушы» жобалар сайысы, креативті жазба байқауы, оқырмандар фестивалі, «Абай жолы» романына негізделген қойылым, әдеби жыр мүшайрасы мен мектеп оқушылары арасындағы облыстық бейнебаяндар байқауы ұйымдастырылады.
Осылайша атыраулық оқушылар ұлы ақынның асыл мұрасын дәріптеу жолымен Абайдың 175 жылдығын кең көлемді атап өтпекші. Адамдық қасиеттерді құрметтеу, еңбек күшін бағалау, ұлтжандылық, отансүйгіштік және азаматтық позиция сынды әр адамға қажет қасиеттерді дарытуға арналған жоба сәуір айында қорытындыланады.
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау